Ұлтымыздың данагөй абызы Әз Төле бидің туғанына биыл 360 жыл толып отыр. Осыған орай мектебімізде Төле биге арналған 6 «Ә» сынып оқушыларының «Туралықтың тұғыры-Төле би» атты шешендікке толы ашық қойылымы өткізілді. Бұл іс-шараның ұйымдастырушысы, өз білім алушыларына абыз бидің өнегелі өмір жолымен таныстырып, қойылым арқылы насихаттауына ұйытқы бола білген класс жетекшісі - Г.С.Альсуйеуова.
Шешендік қойылымның мақсаты жас ұрпақты Төле бидің осынша тарихи биік тұлға дәрежесіне жетуіне себеп болған тұлғалық қасиеттерімен таныстыру. Соның негізгілері: ел мұратына деген кіршіксіз адалдық, билік айтардағы қара қылды қақ жарған әділдігі, ақиқатты ту етіп көтеруі барысындағы қасиеттерін бойларына сіңірту. Төле бидің айтқан шешендік сөздерінен тәлім-тәрбие, үлгілі өнеге алу, таптырмас тапқырлыққа баулу.
Төле бидің қазақ тарихында өзіндік қомақты орны бар, үлкен тарихы бар, ұлтымыздың билерінің бірі екендігін байқасақ, шешендік сөздері мен өсиеттері арқылы тәуелсіз еліміз¬дің рухани өсіп-өркендеуіне, жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіртуге, адами қасиеттердің дәнін егуге, бойымыздағы кемшіліктерімізді түзетуге өлшеусіз үлес қосатынын көреміз. Шешендікке толы шежірелі қойылымда білім алушылар Төле бидің жас кезін, бозбала шағын, аға буын толысқан шағын, қарттық шағын бірінен кейін бірін байланыстырып көрсетіп, шешендік келбетін, айтқырлығын, от тілді, орақ ауызды, қара қылды қақ жаратын әділетті билігінің үстемдігін анық көрсетіп, байқатты. Қойылым одан әрі қыздарымыздың дайындаған айшықты көркем сөздерімен астасып, одан әрі жез таңдай әншілеріміз Тәттіғали Арсен мен Хайролла Нұрисламның қазақ халқын қорғаған батыр бабаларға арналған рухты әнімен бір серпілді. Білім алушылар бүгінгі іс-шарадан алған әсерлерін, өз көзқарастарын ортаға сала отырып, қорытынды бөлімінде «Қоржындағы асықтар» әдісімен кері байланыс жасады. Бүгінгі Төле бидің көрінісінен алған әсерлерін бөлісіп, абыз бидің ұлы күресте сұңғыла сөзімен, сертке сай ісімен, сардарлық стратегиясымен ерекше көрінген тұлға екендігін дәлелдеді.